Алты ата Әлім (1992ж)
Бұл кітапшада кіші жүздің ішіндегі Алты ата Әлімнің шежіресі беріліп отыр. Автор көне шежірелерге, деректерге сүйене отырып Әлім ата ұрпағының таралымын тарқатады. Сондай-ақ Әліммен бірге туысқан Шөмен мен Байсары таралымы жайлы да әңгімеленеді. Шежірелік әңгіме мен баяндаулар арқылы Әлім - Шөмен ұрпағы хақында толғайтын, әрі оның рулық таралымы мен таныстыратын бұл басылымның өз оқырманын табарына кәміл сенеміз.
Айналайын аналар (2005ж)
"Айналайын аналар" кітабы Ырғыз ауданы (Ақтөбе облысы) аумағындағы ақ дидарлы аналардың дүниеге көп сәби әкеліп "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерін омырауларына қадап, ел мақтанышына айналған келбеттерін кейінгі ұрпаққа паш ету мақсатында жарық көріп отыр. Олардың өмір деректері кітап оқырмандарын бей-жай қалдырмайды. Кітап көпшілік қауымға арналған.
Бабаларға бас ием (2009ж)
Тарихи тақырыптар топтастырылған тарихи таңымдық жинақта Қабақ Айтұлы туралы деректер зерделенім, замана тынысын толғаулар мен эсселермен жеткізген. Алғау жүректің толқынысынан уақыт ырғағын білдіретін шығарма. Кітап қалың көпшілікке арналған.
Шаңырақ - Сексен (2010ж)
Өз руыңның, тайпаңның тарихы халқыңның тағдырынан, тарихынан ажыратып қарауға болмайтын кішігірім құрамдас бөлігі. Осыны ұғынып, Сексен ата шежіре кітабы жинақталды. Бұл туынды қазақтың үлкен тарихының рухани бір кірпіші болып қаланады деген үміттеміз. Кітапта Сексен ата және оның ұрпақтары туралы толғанысты ойлармен көмкерілген эссе-мақалалар және өлеңдер орын алған.
Ата-анаң - асқар биігің (2010ж)
Әруаққа құрмет - Ұрпаққа міндет, сондықтан бұл жинаққа бақилық боп кеткен ата-аналарға және олар ғұмыр кешкен Атажұртқа деген перзенттік пейілді паш етерлік толғаныс эсселер, өлеңдер және шынайы көңілден шыққан естеліктер топтастырылған. Шығармада Әулеттің жапырақ жайған жанұяларына арналған өлеңдер де бар. Кітап көпшілік қауымға арналған.
Әулет әлемі (2011ж)
Кітап - ұрпақтарға қалатын өшпес мұра. Соңғы уақытта отбасы болып, өткен ата-аналарына ас беріп, Құран бағыштау, олар жөнінде кітап шығару жақсы үрдіске айналып келе жатыр. Бұл жинаққа да өсіп-өнген бір әулеттің қазыналы қарттары жайлы жылы лебіздер, толғаныстар және олардың төл шығармалары топтастырылған. Сондай-ақ әулеттің басынана өткізген қиыншылықтары мен көрген қуаныштары баяндалған. Кітап ата-анасын құрмет тұтатын, туған жері мен елін сүйетін көпшілік оқырманға арналған.
Тораңғы тамыр дүние (2011ж)
Ақын, шежіреші, ғалым, көрнекті азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Сансызбай Құттыбайұлының бұл еңбегінде негізінен әр жылдарда көптеген басылымдарда жарық көрген оның шығармашылығы туралы ой-пікірлер, қызмет бабына байланысты сұхбат-толғаныстар және өз қаламынан туған өлеңдер, әдеби, ғылыми мақалалар топтастырылған. Кітапты оқыған оқырман оның сан түрлі қырларын саналы оймен сараптай, өткен өмір жолының ағымдарын бағамдай алады. Кітаптың тағы бір құндылығы сол, әрбір тақырып басылған суреттер нақты айғақтарға негізделген.
Азамат әлемі (2012ж)
«Азамат әлемі» атты 7 бөлімнен тұратын еңбегінде Сансызбай Құттыбаев өмір жолдарын бір ауыз қара сөзсіз, тек суреттермен ғана көрсетті. Автордың бұл еңбегін «суреттер сыр шертеді» дегендей тарихи еңбек ретінде санауға болады.
Құландым - құт мекенім (2014ж)
Тарих көшінің ұлы шеруінде әрбір ұрпақ өзі ғұмыр кешкен кезең үшін өткені мен болашақ арасындағы алтын көпір бола білуі қасиетті міндет. Кішкене ғана ауылыңның тарихы, тағдыры, болашағы қазақ ұлтының тарихынан, тағдырынан, болашағынан ажыратып қарауға болмайтын бөлшегі екендігін ұғыну қоғамдағы әрбір адамның парызы деп білеміз. Бұл туынды ұлтымыздың үлкен тарихы мен болашағының бір кірпіші болып қаланады деген үміттеміз. Кітапта Құланды өңірінің, соның ішінде Құланды түбегінің арғы-бергісі және сол аумақты жайлаған, жайлап жатқан адамдар туралы толғанысты ойлар, танымдық мақалалар, өлең-жырлар топтастырылған, сондай ақ бүгінгі және өткен тарихтан сыр шертетін суреттер ұсынылған.
Шағалағұмыр (2018ж)
Аруаққа құрмет - Ұрпаққа міндет. Өзі әлдеқашан АТА атанса да ақын, ғалым, азамат Сансызбай Құттыбайұлы әрегіректе бақилы боп кеткен ата-анасына деген ескірмейтін елжір көңілің қағазға түсіріпті. Қазіргі замандастарымызға үлгі боларлықтай естелік. Барша оқырмандарды бей-жай қалдырмас деп сенеміз.
Топырағым - тұмарым (2021ж)
Мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Сансызбай Құттыбайұлының жаңа туындысы - «Топырағым - тұмарым» атты кітабы көпшілік аудиторияға арналған. Оқырман қауым бұл жазбалардан елі мен жерінің өткен-кеткенін түгендеп, жарқын болашағы үшін сарп еткен азамат ақынның жүрек лүпілін сезіне алады.
!!!
Сайтта жарияланған кез келген материал интеллектуалдық меншік болып есептеледі.
Сайттың материалдарын сайт әкімшілігінің рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады және рұқсат етілген жағдайда міндетті түрде Santore.kz сайтын атап көрсетіп, бастапқы дереккөзге гиперсілтеме жасау қажет.
!!!