Белгілі ақын, һәм мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымының кандидаты, Петербургтағы Халықаралық көлік академиясының Академигі, Петербургтағы Халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы Сансызбай Құттыбаев 1947 жылы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесінің Шығанақ бөлімшесінде дүниеге келді.
Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, 1970 жылы инженер-механик мамандығын алды. 1991 жылы тағы бір жоғарғы оқу орнын – Өскемен жол-құрылыс институтын бітіріп, инженер-экономист мамандығын да иеленді.
Ол өз еңбек жолын 1970 жылы, институт жолдамасымен келіп, Қызылорданың жөндеу-механикалық заводында қатардағы технолог, конструктор қызметінен бастады. 24 жасында жүз елуден аса жұмыскерлері бар цехтың бастығы болды. Кейін өнімнің сапасын бақылау, техникалық бөлімдер бастығы және осы заводтың Бас инженері қызметін атқарды. Сөйтіп ол аталған заводта табаны күректей он жыл қызмет атқарды.
1980 жылы С.Құттыбаев жеке ұжым Жылжымалы-механикалық колоннаға, 1981-1985 жылдары Автокомбинат кәсіпорнына басшылық жасады. 1985-1990 жылдары құрамына 22 кәсіпорын кіретін Қызылорда облысының автокөлік бірлестігінің әуелі бас инженері кейін бастығы болды. Қызылорда қалалық кеңесінің Депутаты кейін облыстық кеңеске де Депутат боп сайланды. Сөйтіп Обылыстағы әрі жас, әрі беделді басшылардың бірі атанды.
1990 жылы Алматы қаласына ауыстырылып ҚР Көлік Министрлігінің Бас Басқармасының бастығы болып тағайындалды және Коллегия мүшелігіне сайланды. Осы тұста (1990-1991 жылдары) үкімет комиссиясының құрамына кіріп Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан өңіріндегі жер сілкіну апатының салдарынан орын алған зардаптарды қалпына келтіру жұмысына белсене араласқанын атап өтуге болады.
1993 жылы Министрлік Мемлекеттік холдинг болып қайта құрылғанда С.Құттыбаев Вице-президент қызметіне жоғарлатылды. Осы қызметте жүріп Үрімші қаласында ұйымдастырылған Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнының Басқарма мүшелігіне сайланып, бірнеше жыл осы кәсіпорынның да жұмысымен айналысты.
1997 жылы ол «Жібек жолы» акционерлік қоғамының Президенті болып сайланды. Кейін Қазақстан үкіметі Республикадағы өзіне қарасты барлық 69 автокөлік кәсіпорындарын біріктіріп Мемлекеттік автокөлік Кәсіпорнын («Казавтотранс») құрды. С.Құттыбаев осы үлкен құрылымға 1998 жылы Бас директор болып тағайындалды. Бұл құрылым бұрынғыша айтсақ Министрлік тұрғыдағы құрылым еді. Онан кейін де ол Алматыдағы және екі кәсіпорында директор болып тағайындалды.
2004 жылдан бастап Ақтөбе қаласы Әкімінің орынбасары; Ырғыз, Мәртөк аудандарының Әкімі және Ақтөбе облысының Автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
1994 жылы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына, 2004 жылы «Ақ жол» партиясының атынан ҚР Мәжілісінің депутаттығына кандидат болды.
Үкімет пен Министрліктің тапсырмасымен С.Құттыбаев Иран, Түркия, Қытайда бірнеше рет болды. Негізінен жас Қазақстан Республикасымен осы мемлекеттер арасында алғашқы болып, автокөлік қатынасын жолға қою жөніндегі мемлекетаралық меморандум, шарттар жасасуға катынасып, осы шараларды іске асыруға ат салысты. Жапония, АҚШ-та болып, жаңа нарық экономикасын алға апару жолын игілікті ететін оқулардан өтіп, өз білімін жоғарлатты. Кейін Германия, Австрия, Чехия, Финляндия, Швеция, Балтық елдеріне де сапарлап барып қайтты. Қызмет бабымен барлық жақын шет елдерімен қоян-қолтық жұмыс жасаған.
Мемлекет наградасы және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ол сегіз мекемеде (екеуі бас директорлық) және екі ауданда бірінші басшы болды. Министрлікте, Әкімшілікте лауазымды қызметтерде жүргеніне қарамай қоғамдық жұмыстарға барынша пәрменді араласқан азамат.
Халқының рухани байлығын жоғалтпауға жасаған еңбегі өзінше бір төбе. 1990 жылдың басында Қызылордада алғашқы «Қазақ тілі» коғамын құруға ат салысып, қоғам президиумнің мүшесі болып сайланды. Кейін Алматыда, туған елге септігін тигіземін бе деп «Арал-Азия-Қазақстан» халықаралық қоғамдық комитетінің, «Шапағат» атты Арал балаларын қорғау қорының үйлестіру кеңесінің құрамына кіріп, және атышулы «Азат» қоғамдық қозғалысының мүшесі болып (1990-1993 жж.), басшылық істеріне араласты.
2003 жылы құрылған «Арал 21-ғасыр» коғамдық қозғалысының төрағасы, «Отанымыздың тарихы» атты Республикалық, клубты құрушылардың бірі және сол клубтың мүшесі болды.
Тарих пен өнерді де зерттеп жүрген. Сонау қызыл империяның қысымынан кейін алғашқы шыға бастаған (1992ж.) шежірелердің бірі «Алты ата Әлім» кітабының авоторларының бірі. Кейін оның «Бұйрат», «Ақ шағыл», «Ұшан теңіз, ұлы құм», «Қырық жол» және «Сырдария кітапханасы» айдарымен шығарылған 100 томдық кітаптарға бір томдығы кіріп бес өлеңдер кітабы; «Ой өрімдері» атты нақыл сөздер жинағы, «Бабаларға бас ием», «Ата-Анаң – асқар биігің», «Әулет әлемі», «Шаңырақ – Сексен», «Құландым – құт мекенім», «Шағалағұмыр» атты тарихи танымдық туындылары мен элегиялары және «Тораңғы тамыр дүние» атты оның сұбхат-толғаныстары, әдеби, ғылыми мақалалары жинақталған кітабы және «Азамат әлемі» атты альбом-кітап жарық көрді.
Тарихи тұлғалар туралы және өзінің жанын толғантатын басқа да өзекті мәселелер туралы қалам тартқан, оның туындылары газет, журналдарда басылып тұрады.
Ғылыми жұмыстарына байланысты 3 монографиясы, 16 ғылыми-зерттеу мақаласы жарық көрген. Бір өнертапқыштық куәліктің авторы. Петербургтағы халықаралық ғылым академиясының «Құрмет жұлдызы» орденімен марапатталған.
С.Құттыбаев бес бала тәрбиелеп жеткізген әке. Жұбайы зейнеткерлікке шыққанға дейін мектепте мұғалім.
2020 жылғы 17 шілдеде С.Құттыбаев дүниеден озды.